ШЫМКЕНТ: қалалық санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша рейдтік іс-шара өткізілді

0
211

Рейд барысында жеке тұрғын үйлердің іргелес аумағындағы құрылыс және тұрмыстық қалдықтар жиналып, тазалау жұмыстары жүргізілді.


ШЫМКЕНТ: қалалық санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша рейдтік іс-шара өткізілді

Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігі мен жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен аудан аумағында құрылыс материалдары мен инертті қалдықтардың ретсіз жинақталуына жол бермеу мақсатында кезекті рейдтік іс-шара өткізілді.

Атап айтқанда, Нұртас шағынауданының Ақсауыт және Байтереков көшелерінің қиылысында өткен рейдке аудан әкімдігінің жауапты мамандары, жергілікті полиция қызметкерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шара аясында тұрғындармен санитарлық талаптарды сақтау, абаттандыру және қалдықтарды ретсіз орналастырмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қаратау ауданы әкімдігінің қоғамдық орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Әлібек Қалдыбектің айтуынша, кейбір тұрғындар құрылыс материалдарын жеке үй аумағынан асырып, көше бойына шығарып тастаған. «Олар көршілер мен жүргіншілерге қолайсыздық тудырып отыр. Ескерту берілгенімен, түзетуге ниет танытпайтындар да бар», – деді ол.
Рейд барысында жеке тұрғын үйлердің іргелес аумағындағы құрылыс және тұрмыстық қалдықтар жиналып, тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, құқық бұзушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Аталған бағыттағы санитарлық-тазалық іс-шаралары Қаратау ауданы аумағында тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Бөлісу