Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің 2025 жылдың екінші тоқсанындағы көшпелі кездесулері 16–20 маусым аралығында ұйымдастырылуда.
Кездесулер кестесіне сәйкес, қаладағы бес ауданның түрлі елді мекендерінде азаматтармен жүздесу өтіп, тұрғындар өтініштері мен ұсыныстарын ортаға салуда. Алғашқы кездесу Абай ауданы тұрғындарымен өтті.
Көшпелі кездесу барысында қала әкімі “Бозарық”, “Асар-2”, “Достық”, “Нұршуақ”, “Ақниет” және “Қатынкөпір” шағынаудандарының тұрғындарымен кездесті. Мұндай форматтағы басқосулар халықпен тікелей әрі ашық диалог орнатуға, тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерді тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.
Ашық форматта өткен кездесуде қала тұрғындары өмір сапасына және қауіпсіздікке тікелей әсер ететін мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларын орнату, аулаларды абаттандыру, көше жарығын тарту, мобильді байланыс сапасын арттыру және қоғамдық көлік қозғалысының жиілігін арттыру секілді ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар мәдениет үйі, емхана мен мектеп салу, ішкі орам көшелерді асфальттау, кәріз жүйесіне қосу жұмыстарын жеделдету, жол белгілері мен бағдаршам орнату, аялдамаларды ретке келтіру және жер теліміне қатысты құжаттарды рәсімдеу мәселелері көтерілді.
Қала әкімі сала мамандарымен бірге әрбір сұрақты жеке қарастырып, толық жауап берді. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер жеке бақылауға алынып, оларды қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезең-кезеңімен шешу жолдары түсіндірілді.
Кездесу соңында Ғабит Сыздықбеков тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымына алғыс білдіріп, қалалық жайлы ортаны жақсарту бойынша тұрақты әрі нақты нәтижеге тек бірлескен жұмыстың арқасында қол жеткізуге болатынын атап өтті. Қазіргі таңда бірқатар бағыт бойынша нақты шешімдер қабылдауға алғышарттар жасалған, және бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Көшпелі кездесулер Әл-Фараби ауданында жалғасын тапты. Мұнда 17-шағынаудан, Сасбұқаев, Бекет батыр, Рашидов, Жангелдин көшесі және Әл-Фараби даңғылы тұрғындарының мәселелері тыңдалды. Жиын барысында көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару, қоғамдық тәртіпті сақтау және көше мен аула инфрақұрылымын дамыту сынды проблемалар көтерілді.
Аудан тұрғындары сондай-ақ аула ішіндегі жарық жүйесін орнату, кіреберіс жолдарды жөндеу, балалар және спорт алаңшаларын жаңарту, Қошқар-ата өзені үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірін қалпына келтіру, тротуарлар салу, автотұрақтарды кеңейту және бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, кездесуде жер қатынастары, шағын және орта бизнесті қолдау, аулалар мен үй маңындағы аумақтарды абаттандыру мәселелері де қаралды. Қала әкімі аудан басшылығы мен тиісті басқарма өкілдеріне тұрғындар көтерген мәселелерді мұқият зерделеп, оларды шешудің нақты әрі тиімді жолдарын ұсынуды тапсырды.
Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.