Шымкент қаласында әлеуметтік пилоттық жоба іске асуда

0
34

​Әлеуметтік көмек енді шын мұқтаж жандарға бағытталады


Шымкент қаласында әлеуметтік пилоттық жоба іске асуда

Шымкент қаласында әлеуметтік жаңа пилоттық жоба қолға алынды.

Енді көмек отбасының нақты жағдайына қарай беріледі. Ол үшін «скоринг» деп аталатын жүйе қолданылады. Бұл жүйе отбасының табысын, үйі мен көлігі бар-жоғын, мүмкіндіктерін есептеп, жалпы жағдайын анықтайды. Материалдық емес факторларды, яғни отбасының әлеуетін, өзін-өзі жүзеге асыру қабілетін бағалайды және отбасыларды әл-ауқат деңгейінің 6 санатына бөледі.
Бірінші деңгейден бесінші деңгейге дейінгі отбасыларға мемлекеттен қосымша көмек көрсетіледі. Ал алтыншы деңгейге жататын, табысы жоғары отбасыларға жергілікті бюджеттен көмек берілмейді.
Мысалы, егер бір үйде бірнеше пәтер, екі көлік болса немесе отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс айына 185 мың теңгеден асса, ол отбасы көмекке мұқтаж деп саналмайды.
Ең басты жаңалық – көмекке өтініш берудің қажеті жоқ. Жүйе өзі отбасын тексеріп, егер қолдау қажет болса, азаматқа SMS-хабарлама жібереді. Көмек алу үшін тек SMS арқылы келісім беру жеткілікті.
Қандай көмектер қарастырылған?
  • Пилоттық жоба аясында 11 қызмет автоматты түрде көрсетіледі, оның ішінде:
  • мектепте тегін тамақтану,
  • студенттерге жатақхана және тегін ас,
  • жазғы лагерьге жолдама,
  • тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй көмегі,
  • жалдамалы пәтер үшін субсидия,
  • мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу және басқалары.

Айта кету керек, бұл Қазақстанда халыққа әлеуметтік қолдаудың жаңа тәсілі енгізіліп жатыр. Бұған дейін әлеуметтік көмек республикалық деңгейде де, жергілікті деңгейде де көрсетіліп келген. Бірақ өңірлер арасында айырмашылық көп болды: бір аймақта көмек көбірек берілсе, басқа жерде азырақ берілетін. Осыған байланысты мемлекет әлеуметтік көмекті әділ бөлуді қолға алып отыр.

Қазір жаңа жүйе Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында пилоттық жоба ретінде іске асырылып жатыр.

Бұл өзгерістердің мақсаты – әлеуметтік көмекті әділ бөліп, оны шын мәнінде мұқтаж адамдарға жеткізу. Жаңа жүйе артық құжат жинауды азайтып, процесті жеңілдетеді және халыққа қолдауды уақтылы көрсетуді қамтамасыз етеді.

Бөлісу