​ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА АРНАЛҒАН РЕСМИ БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

0
107

Шымкент қаласында ұйымдастырылған кезекті Азия чемпонатында 26 елден 800-ден астам спортшы бақ сынауда. Бұл – ауқымды көрсеткіш.


​ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНА АРНАЛҒАН РЕСМИ БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шымкент қаласында спорттық атудан XVI Азия чемпионаты өтіп жатыр. Shymkent Shooting Plaza ату кешенінде құрлықтың ең үздік мергендері бақ сынауда. Жарыста екі олимпиадалық спорт түрі - нысана көздеу және стенд атудан құрлық жеңімпаздары анықталады.

Азия чемпионатына арналған баспасөз-конференциясына Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, нысана көздеуден Азия қауымдастығының президенті, шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах, еліміздің спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов қатысып, еліміздегі нысана көздеушілердің әлеуеті, алдағы жоспарлар туралы баяндап, жарыс барысы туралы толық мағлұмат берді.
Нысана көздеуден Азия қауымдастығының президенті, шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабах Қазақстан спортшыларының әлемдік деңгейде өз орны бар екенін, әсіресе жас спортшылардың болашағы зор екенін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, елімізде алда лицензиялық Азия чемпионатын өткізу жоспарда бар. Қазіргі таңда ел құрамасы сапында кілең жастар шоғырланған. Олар әлем және Азия чемпионаттары, әлем кубогы, Азия ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді.
Спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов Шымкент қаласында осы спорт түріне барлық жағдай жасалғанын, тіпті жаңа ату кешенінде әлем чемпионатын өткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Айта кетсек, Шымкент қаласында ұйымдастырылған кезекті Азия чемпонатында 26 елден 800-ден астам спортшы бақ сынауда. Бұл – ауқымды көрсеткіш. Сайыста нысана көздеуден пневматикалық тапанша - 10 метр, 25 метр, 50 метр, мылтық - 10 метр, 50 метр, қозғалмалы нысана жеке және командалық есепте, Стенд ату бойынша трап, скит, скит\микс, трап\микс, дубль-трап – жеке және командалық есепте үздіктер анықталады. Жарыс 16-30 тамыз аралығына жоспарланған.
Бөлісу