Жауапты тұлғаларға нысан аумағында кешенді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, балалар ойын алаңын орнату, субұрқақ салу және автотұрақпен қамтамасыз ету тапсырылды.
Шымкент қаласында жүргізілген жұмыс сапары аясында қала басшылығы Қаратау ауданында биылғы күзде пайдалануға берілетін балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылыс барысымен танысты.
Жалпы ауданы 3060 шаршы метрді құрайтын нысан мүгедектігі бар, психоневрологиялық аурулары және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған. Орталықтың жобалық қуаты – 150 орын.
Жауапты тұлғаларға нысан аумағында кешенді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, балалар ойын алаңын орнату, субұрқақ салу және автотұрақпен қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ, А-2 айналма жолының 5, 6 және 7-кезеңдерінің қайта құру жұмыстары мен Қонаев даңғылы жалғасының 5-кезеңінің құрылыс барысы бақыланды. Аталған жобалар жол-көлік инфрақұрылымын жақсартуға, қауіпсіздікті арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына құрылыс сапасына қатаң бақылау орнатып, бекітілген мерзімдерді сақтау тапсырылды.
Бұдан бөлек, Абай ауданында Бадам өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарының барысы тексерілді. Бұл шара тасқын судан қорғану және су басу қаупін азайту мақсатында жүзеге асырылып отыр. Мердігер ұйымға құрылыс сапасын төмендетпей, жұмыстарды жеделдету және жағалауды тасқын кезінде сенімді қорғайтын деңгейде нығайту міндеттелді.
Тұран ауданында «Ақжар» су қоймасының күрделі жөндеуден кейінгі жағдайы да назарға алынды. Қалпына келтіру жұмыстары нөсер жауын кезіндегі су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған. Қазіргі таңда инженерлік-құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Атап айтқанда, 630 метр бөгет пен 158 метр апаттық канал бетондалып, жарықтандыру жүйесі мен бейнемониторинг құрылғылары орнатылған. Сондай-ақ, су қоймасының түбі механикалық тәсілмен тазартылды.
Аралау барысында Қойкелді батыр көшесіндегі теміржол көпірінің күрделі жөндеу жұмыстары, Жібек Жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысындағы сквердің күтім жұмыстары, «Ұлағат» шағынауданындағы кәріз желілерін қалпына келтіру және жол құрылысы барысы, сондай-ақ Тіленшин көшесіндегі көлік өткелінің құрылысы да тексерілді.
Қорытындысында, жауапты басқармаларға орындалған жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету, белгіленген мерзімдерді қатаң сақтау, техникалық талаптарды орындау және анықталған кемшіліктерді уақытылы жою тапсырылды.