Шымкент қаласында «ЖАСТАРДАН ЖАСТАРҒА» ақпараттық керуені іске қосылды

0
90


 Шымкент қаласында «ЖАСТАРДАН ЖАСТАРҒА» ақпараттық керуені іске қосылды

Шымкент қаласында жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастар саясатына басымдық беруінің нәтижесінде еліміздің барлық өңірлерінде жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Соның бірі – бүгін Шымкент қаласында бастау алған «Жастардан жастарға» атты ақпараттық керуен жобасы.

Аталған жоба Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Жобаның басты мақсаты – жастар арасында маңызды ақпаратты қолжетімді ету, сондай-ақ олардың әлеуметтік, кәсіби және тұлғалық дамуына жан-жақты қолдау көрсету.
Керуен барысында жастарға тұрғын үймен қамту, жұмысқа орналасу, кәсіптік бағдар, спорт және мәдени демалыс бағыттары бойынша кең көлемді ақпарат ұсынылды. Атап айтқанда, «Отбасы банк» өкілдері жастарды жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалармен таныстырса, «Мансап» орталығының мамандары бос жұмыс орындары мен кәсіби бағдарлау мәселелері бойынша кеңес берді.
Іс-шара аясында тек ақпараттық-таныстыру жұмыстары ғана емес, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған мәдени-спорттық бағдарламалар да өткізілді. Қатысушылар үшін караоке кеші мен үстел теннисінен жарыс ұйымдастырылып, еркін және достық атмосферада уақыт өткізуге мүмкіндік жасалды.
Айта кету керек, ақпараттық керуен тек қала орталығымен шектелмейді. Жоба аясында шалғай елді мекендердегі жастармен де кездесулер өткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде ақпараттық теңсіздікті азайтып, барлық жастарға бірдей мүмкіндік беруге бағытталған нақты қадамдардың бірі болмақ.
«Жастардан жастарға» жобасы – мемлекет тарапынан жастарға көрсетіліп жатқан нақты қамқорлықтың жарқын көрінісі. Мұндай бастамалар жастардың ақпараттық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың өз күшіне деген сенімін нығайтып, өмірлік бағыт-бағдарын дұрыс айқындауына септігін тигізеді.
Бөлісу