Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау майоры – Ордабек Рауан Нұрлыбекұлы Шымкент қаласында жылыту маусымындағы алдын алу жұмыстарының қорытындысы туралы айтты.
2026 жылдардағы жылыту маусымында Шымкент қаласында өрт пен улы газдан уланудың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Қала аумағында 62 589 тұрғын үй араланып, 148 385 тұрғынға өрт қауіпсіздігі және улы газдан сақтану бойынша түсіндіру жұмыстары өткізілді. Оның ішінде 1 073 әлеуметтік осал топтағы отбасы қамтылған.
Аудандық әкімдіктердің деректеріне сәйкес, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың нақты тізімі жасақталып, олармен мақсатты жұмыстар жүргізілді. Профилактикалық іс-шаралар барысында 123 газдануды анықтайтын құрылғы орнатылып, 55 тұрғын үйдің мұржасы тазартылды.
Халықты ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлінді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 293 материал жарияланып, шағын аудандарда дауыс зорайтқыштар арқылы 370 рет үгіт-насихат жүргізілді. Сонымен қатар, департамент пен жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік желілерінде 130 ақпараттық материал жарияланды. Білім беру мекемелерінде 4 980 оқушыны қамтыған 103 интерактивті және ашық сабақ, ал өрт сөндіру бөлімдерінде 819 оқушы қатысқан 37 экскурсия ұйымдастырылды.
Қала бойынша 6 232 тұрғынды қамтыған 190 жиын мен 84 нұсқаулық өткізілді. Ал 2025 жылғы 2 желтоқсанда Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында «Өрт қауіпсіздігі» тақырыбында қойылым сахналанып, оған 200-ге жуық бала қатысты. Қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында түсірілген 12 танымдық бейнеролик тұрғындар мен ата-аналардың WhatsApp чаттары арқылы таратылды.
Қабылданған шаралар оң нәтиже берді. Атап айтқанда, өрт саны өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға азайып, 81 жағдайдан 49-ға дейін төмендеді. Өрттен қаза тапқандар саны екі есеге, ал жарақат алғандар саны төрт есеге қысқарды.
Алайда, жылыту маусымында табиғи және улы газбен улану оқиғаларының өсімі алаңдатушылық тудырып отыр.
2025 жылғы 1 қазаннан бастап «112» қызметіне газбен улану бойынша 99 хабарлама түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Соның салдарынан қаза тапқандар саны үш есеге артқан. Сонымен қатар, жеңіл дәрежеде уланғандардың саны да 28 пайызға өскен.
Мамандардың айтуынша, газдан улану жағдайларының негізгі себептері – су жылытқыштар мен газ қазандықтарының ақаулығы, дұрыс орнатылмауы, тартылыстың болмауы және уақтылы техникалық қызмет көрсетілмеуі. Осыған байланысты тұрғындарды газ жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.


