Шымкент қаласындағы ​«Ізетті зейнеткер» – еңбек ардагерлеріне қамқорлық пен тынығудың жаңа үлгісі

0
140

Маусым айының өзінде 213 зейнеткер ем алып үлгерген.


Шымкент қаласындағы ​«Ізетті зейнеткер» – еңбек ардагерлеріне қамқорлық пен тынығудың жаңа үлгісі

Шымкент қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Данабек Исабек еңбек ардагерлеріне арналған «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Ербол Байқонысов, фракция жетекшілері, мәслихат депутаттары және партияның аудандық филиал төрағалары қатысты.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты орталық Абай ауданындағы Бозарық шағынауданында орналасқан. 120 орынға есептелген мекеме жылына 3 500-ге жуық зейнеткерге 22 түрлі медициналық және сауықтыру қызметін ұсынуға қауқарлы.
Басқарма басшысы Жанат Өтебаева депутаттарға жаңадан қоныс аударған кешеннің тыныс-тіршілігімен мен инфрақұрылымын таныстырды.
2023 жылдың 1 қарашасынан бастап 70 орынмен қызмет көрсеткен орталық 2025 жылдың 11 наурызында зәулім ғимаратқа көшіріліп, бір келімде 120 орынға дейін ұлғайтылды.
«Ізетті зейнеткер» кешені зейнеткерлерге медициналық тексеру, физиотерапия, сумен және шөппен емдеу, массаж, инфрақызыл сауна, тұзды шахта, мәдени бағдарламалар мен төрт мезгіл ыстық тамақ секілді қызметтерді ұсынады.
Шымкент қаласында зейнетке шыққан еңбек ардагерлеріне шипажай жолдамасы кезек ретімен беріледі. Қариялар geo-shym.kz порталы арқылы өтініш беріп, өз кезегін электронды цифрлық қолтаңба арқылы қадағалауға мүмкіндік алады.
2024 жылы орталық 2003 зейнеткерге қызмет көрсетсе, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 909 адамды құрады. Маусым айында ғана 213 зейнеткер ем алып үлгерген.
Депутат Данабек Исабек мекеменің жұмысымен жан-жақты танысып, қызмет сапасына оң бағасын берді. Қариялармен кездесіп, хал-жағдайын сұраған халық қалаулысы бұл орталықтың «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген маңызды әлеуметтік жобалардың бірі екенін атап өтті.
– Бұл – халқымыздың, әсіресе қарттарымыздың салауатты ғұмыр кешуіне ықпал ететін маңызды бастама. Қарияларға жан-жақты жағдай жасалған мұндай орталықтар еліміздің басқа өңірлерінде де үлгі боларлық, – деді Данабек Исабек.
Мәжіліс депутатына орталықта ем қабылдап жатқан зейнеткерлер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай мүмкіндіктер үшін алғысын жеткізді.
– Мұнда барлық жағдай жасалған. Денсаулығына шипа іздеген біз сияқты қариялар үшін таптырмас орын. Осындай қамқорлық үшін барлық азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді орталықта демалып жатқан Раиса Қалмағамбетова.
Бөлісу