Сапар барысында қала экологиясы мен инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірнеше жобалар таныстырылды.
Шымкент қаласынан арнайы делегация Қытай Халық Республикасының Сиань қаласына жұмыс сапарымен барып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар ресми кездесулер өткізді.
Іссапар Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының тікелей қолдауымен жүзеге асырылды.
Сапар барысында қала экологиясы мен инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бірнеше жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Сиань қаласының саябақтары мен су айдындарын көгалдандыруда кеңінен қолданылатын лотос гүлін өсіру тәжірибесі делегация назарына ұсынылды. Табиғи тазарту қасиетімен ерекшеленетін бұл өсімдік қала экожүйесіне оң әсер етіп, жалпы қалалық ортаның эстетикалық келбетін арттыруға ықпал етеді. Бұл тәжірибе Шымкент қаласында да енгізілуі мүмкін.
Сонымен қатар делегация тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарының жұмысымен танысты. Сианьдағы бұл кешендерде қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және қайта қолдану үдерістері толық автоматтандырылған. Заманауи технологияларға негізделген бұл модель экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қалалық инфрақұрылымды тиімді жаңғыртудың озық үлгісі ретінде қарастырылып отыр.
Іссапар аясында екі тарап алдағы уақытта экологиялық жобалар, қалалық инфрақұрылымды дамыту және «жасыл технологияларды» енгізу бағыттары бойынша тәжірибе алмасуды жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.