Коммуналдық мекемелер тарапынан 8 бірлік техника жұмылдырылып, шамамен 100 тонна көлеміндегі қоқыс сыртқа шығарылды.
"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласы Тұран ауданының Қазығұрт шағын ауданында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді.
Аталған сенбілік Арыстанбек көшесінен бастау алып, шағын ауданның бірнеше көшелерін қамтыды.
Іс-шараның негізгі мақсаты — көшелерде бейберекет түрде жиналған құм, тас, инертті құрылыс материалдары мен тұрмыстық қалдықтарды тазарту, сондай-ақ жергілікті тұрғындар арасында санитарлық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Сенбілікке Тұран ауданы әкімдігінің қызметкерлері, жергілікті полиция өкілдері, коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдар және белсенді тұрғындар жұмылдырылды. Тұрғындар тарапынан көшелерге құрылыс материалдарын үйіп тастау деректері бойынша полиция мен әкімдік қызметкерлері бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қалдықтарды өз күштерімен жою туралы ескертулер берілді. Белгілі бір аумақтарда арнайы техника тартылып, тазарту жұмыстары атқарылды.
Коммуналдық мекемелер тарапынан 8 бірлік техника жұмылдырылып, шамамен 100 тонна көлеміндегі қоқыс сыртқа шығарылды. Сонымен қатар, тұрғындар арасында рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастамау, көшелердің тазалығын сақтау жөнінде ақпараттық-түсіндіру шаралары өткізілді. Жергілікті полиция қызметі алдын алу шараларын жүргізіп, ескерту жасады.
Мұндай сенбіліктер қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және арттыруға бағытталған. Іс-шара алдағы уақытта тұрақты түрде жалғасын табады.