Шымкент қаласының әкімі жиі қала аралап, тұрғындармен кездесу ұйымдастырады. Кездесулерде тұрғындар шағымдарын, өтініштерін және ұсыныстарын айтып, қала басшысынан көмек сұрап жатады. Әкім де сала басшыларына нақты тапсырма беріп, халықпен кері байланыс орнатуды тапсырады.
Сондай кездесулердің бірі қала әкімінің Қаратау ауданы тұрғындарымен өткен болатын. Нәтижесінде қала басшысының есептік кездесуінде көтерілген ұсыныстар жүзеге асты.
Нақтырақ айтар болсақ, Қайтпас шағынауданы тұрғындарының қауіпсіздік мәселесіне қатысты өтініштері назарға алынып, нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, тұрғындардың сұранысы бойынша Жамауов пен Көшеров көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілер өткелі ұйымдастырылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бұл аумақта арнайы жол таңбалары сызылып, тиісті жол белгілері орнатылды.
Сондай-ақ, Ақсүмбе көшесінің тұйық бөлігін асфальттау жұмыстары атқарылды.
Бұл жұмыс та Қаратау ауданы тұрғындарымен өткен кездесу барысында қала әкіміне жолданған өтініш негізінде іске асырылды.
Бұл – азаматтардың белсенділігінің және жергілікті билікпен тиімді өзара іс-қимылдың нақты көрінісі.