Шахмат сайысына 18, ал тоғызқұмалаққа 20 спортшы қатысты.
6 шілде – Елорда күніне орай Шымкент қаласы Қаратау ауданында шахмат және тоғызқұмалақ спорт түрлерінен аудан әкімінің жүлдесіне арналған турнир өтті.
Іс-шара «Зияткер Тұран» мектебінің базасында ұйымдастырылып, қатысушылар мен қонақтар үшін мерекелік концерт ұсынылды.
– Құрметті шымкенттіктер! Еңселі Елордамыздың мерекесі құтты болсын! Астана – тәуелсіздігіміздің символы әрі еліміздің дамуы мен жетістіктерінің нақты көрінісі. Елорда барша қазақстандықтарды біріктіретін бейбітшілік пен келісімнің тірегіне айналды. Осы айтулы күнде әр шаңыраққа береке, бірлік және зор денсаулық тілеймін. Еліміздің мәртебесі Елордамен бірге арта берсін, – деді аудан басшысы.
Турнирге көру қабілеті төмен, есту қабілеті шектеулі және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар қатысты. Шахмат сайысына 18, ал тоғызқұмалаққа 20 спортшы тартылды. Ойындар жеті айналымнан тұрды, әр ойыншыға 15 минут уақыт берілді.
№19 мүгедектігі бар балаларға арналған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қаламқас Алдажұманованың айтуынша, жеңімпаздар бірінші, екінші (екі орын), үшінші (екі орын) дәрежелі жүлделермен марапатталып, барлығы бес жүлделі орын белгіленген.
Турнирге қатысушы Ақжүніс Тайтелиева тоғызқұмалақтан 22 жылдан бері кәсіби түрде айналысып келеді, спорт шебері атағын алғанына 19 жыл болған.
– Біздің мүмкіндіктерімізді ескеріп, осындай спорттық жарыс пен мерекелік концерт ұйымдастырған аудан әкімдігіне алғыс білдіремін. Мұндай іс-шаралар бізге үлкен жігер мен серпін береді. Елордамыз дами берсін! – деді қатысушы.
Турнир жеңімпаздарына аудан әкімінің атынан алғыс хаттар, кубоктар, медальдар және спорттық сыйлықтар табысталды. Іс-шара салауатты өмір салтын насихаттап, интеллектуалды ойындарға деген қызығушылықты арттыруға ықпал етті.