2-5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаражат кәсіпкерлерге бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін беріледі.
Шымкенттегі «SHANYRAQ» отбасы институтын қолдау орталығында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында берілетін қайтарымсыз гранттар тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қалалық кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдері іс-шарада халықты бизнеске ынталандырудағы мемлекет қолдауының шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Салаға жауаптылардың сөзіне қарағанда, 2-5 млн теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаражат кәсіпкерлік субъектілеріне, жас кәсіпкерлерге, әйелдерге, мүгедек жандар мен 50 жасты еңсерген азаматтарға бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін беріледі. Грантты иемденіп, кәсібін дамытқысы келетін тұрғындар 3 айлық оқу курстарына қатысып, сертификат алуы қажет. Грант тек кәсіпті дамытуға, құрал-жабдық, материалдар сатып алу үшін жәрдем ретінде беріледі. Грант қаржысы есепшотқа түскеннен кейін оның мақсатты пайдаланылуына жылына екі рет тексеру жүргізіледі.
Сарапшылар 555 мың теңге көлеміндегі грантты иемденген азаматтардың да бұл қолдауға өтініш бере алатынын айтады.
Айта кетейік, Шымкентте жыл басынан бері бұл мақсатта 100-ден астам адам конкурсқа қатысқан. Осы уақыт аралығында комиссияның оң қорытындысымен 67 бизнес жобаға қолдау көрсетіліп, қаржы бөлінген.
Келесі жылы да грантқа құжаттар қабылдау жалғасады. Бағдарлама шарттары БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланады.