ШЫМКЕНТ: халықтың медициналық сақтандыру жүйесіне тартылуына ден қойылуда

0
279

2025 жылдың алғашқы айларында 329 870 адам сақтандырылмаған болса, бес айдың ішінде бұл көрсеткіш 56 925 адамға азайды.


ШЫМКЕНТ: халықтың медициналық сақтандыру жүйесіне тартылуына ден қойылуда

Шымкент қаласында халықтың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын арттыру бағытындағы жұмыстар қарқын алуда.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер мен медициналық сақтандыру аясында атқарылған жұмыс туралы өткен брифингте мәлім етті.

2025 жылдың алғашқы айларында Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспаған азаматтардың саны едәуір жоғары болды. Нақты айтқанда, жылдың басында сақтандырылмағандар қатары 329 870 адамды құраған еді. Бұл көрсеткіш алаңдаушылық туғызғаны анық, себебі медициналық сақтандыру – әрбір азаматтың уақтылы және сапалы медициналық көмек алуына кепілдік беретін маңызды жүйе.
Дегенмен, бес айдың ішінде жүйелі түрде жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен салааралық өзара іс-қимылдың нәтижесінде айтарлықтай оң өзгеріс байқалды. Сақтандырылмағандар саны 56 925 адамға азайып, бұл бағыттағы жұмыстардың тиімділігін көрсетті. Мұндай нәтиже тек медициналық ұйымдардың ғана емес, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының да бірлескен еңбегінің жемісі болып отыр.

Соңғы ресми мәліметке сүйенсек, қала халқының жалпы саны 1 271 228 адамды құрайды. Соның ішінде 1 033 736 тұрғын, яғни 81,3%-ы сақтандыру жүйесіне қосылған. Бұл – қуантарлық жайт. Алайда 237 492 адам немесе 18,7%-ы әлі де сақтандырылмағандар қатарында қалып отыр. Бұл мәселе шешуді талап ететін өзекті бағыттардың бірі саналады.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл жағдайға ерекше назар аударып, осал әлеуметтік топтарға медициналық сақтандыру жарнасын жергілікті бюджет есебінен төлеудің маңыздылығын атап өтті. Бұл ұсыныс азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға, ал денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін көтеруге бағытталған.

Осыған сәйкес, қала әкімдігі мен медициналық мекемелер сақтандырылмаған тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың мәртебесін анықтау және жүйеге қосу бойынша кешенді шаралар атқаруда. 2025 жылғы 18 маусымнан бастап жүргізілген үздіксіз және мақсатты жұмыстардың арқасында қосымша 6 434 адам сақтандырылды. Бұл көрсеткіштің артында мыңдаған адамның медициналық қызметтерге қол жеткізу мүмкіндігі, денсаулығын қорғау кепілдігі және өмір сапасын жақсарту мүмкіндігі тұр.

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасады. Себебі денсаулық сақтау – тек қана жеке адамның әл-ауқаты емес, бүкіл елдің ұлттық қауіпсіздігі мен адами капиталының сапасының негізгі тірегі болып саналады. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру науқандарын күшейтіп, әрбір азаматтың өз сақтандыру мәртебесін тексеруі, қажет болса, жүйеге қосылуы – басты басымдық болып қала береді.

Бөлісу