“Шымкент қаласының Құрметті азаматы” атағын беру ережесіне өзгерістер енгізілді.
Бүгін Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен мәслихаттың кезекті сессиясында әкімдік пен тексеру комиссиясының 2024 жылғы бюджетінің атқарылуы бойынша есебі тыңдалды.
Қала экономикасындағы оң өзгерістер бюджет кірістерін арттырып, жоспарланған көрсеткіштерге толық қол жеткізілді.
Сондай-ақ сессияда халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және жұмыспен қамту шаралары, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары салаларындағы атқарылған жұмыстар баяндалды. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының да баяндамасы тыңдалды. Тиісті қаржы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаларға, каналдарды күтіп ұстауға, дендросаябақ пен «Жасыл белдеу» аумағын абаттандыруға, сондай-ақ қаланы көгалдандыру мен көріктендіруге бағытталмақ.
Республикалық ономастика комиссиясының қарауына кейбір құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау жөнінде ұсыныстар енгізу туралы мәселе қаралды. Мәслихат шешімімен 10 көше мен 2 аллея дәстүрлі атаулар тізімінен таңдалып, 9 көше Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімімен аталатын болды.
Сондай-ақ “Шымкент қаласының Құрметті азаматы” атағын беру ережесіне өзгерістер енгізілді. Тізімге енгізілген тұлғалардың ғылым, білім, мәдениет және қала дамуына қосқан үлестері баяндалды. Мәслихат шешімімен 25 адамға “Шымкент қаласының құрметті азаматы” атағын беру туралы қаулы қабылданды.
Сессияны қорытындылаған қала әкімі бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етуде атқарылып жатқан кешенді жұмыстарға тоқталып, маңызды шешімдерді жүзеге асыруға қолдау көрсеткен депутаттарға алғысын білдірді.