ШЫМКЕНТ: қоғамдық тәртіп пен білім саласындағы жаңа өзгерістер

0
42

Шымкент қаласында білім беру саласында да айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл 17 білім нысанының құрылысы қолға алынған.


ШЫМКЕНТ: қоғамдық тәртіп пен білім саласындағы жаңа өзгерістер

Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік ортадағы тәртіпті нығайту бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Биылғы жылдың 12 шілдесінен бастап «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға енгізілген толықтырулар күшіне енді.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Жаңа нормаға сәйкес, қоғамдық орындарда тұлғаны тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынады. Бұл талап діни сенім бостандығын шектеу емес, қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған. Тыйым тек бетті толықтай жауып тұратын балаклава, никаб, маска және бет-әлпетті тануға мүмкіндік бермейтін өзге де киім түрлеріне қатысты. Мұндай өзгеріс бейнебақылау арқылы азаматтардың жеке басын дер кезінде анықтауға жағдай жасайды және қоғамдық тәртіптің сақталуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласында білім беру саласында да айтарлықтай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Құрылыс басқармасының мәліметінше, биыл 17 білім нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде жаңа ғимараттар мен мектептер, оқушылар сарайлары және жатақханалар бар. Ақпан айында Тұран шағын ауданында 500 орындық Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бес нысанның құрылысы аяқталмақ: №19 және №50 мектептерге қосымша ғимараттар, Тельмандағы 1200 орындық мектеп, С.Рахимов атындағы мектеп және Сайрам колледжінің жатақханасы. Ал №16 мектепке қосымша ғимараттың құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жоспарланған.
Бұдан бөлек, қаладағы он білім ошағы күрделі жөндеуден өткізілуде. Қазіргі таңда тоғыз мектептің жұмысы толық аяқталып, жаңа оқу жылына дайын тұр. Ал «Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының» жөндеу жұмыстары қыркүйек айында бітіреді деп күтілуде.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар қоғамдағы тәртіпті сақтауға, қауіпсіздікті арттыруға және білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Бұл өзгерістер азаматтардың күнделікті өмірін жеңілдетіп қана қоймай, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына да кең мүмкіндік ашады.


Бөлісу