ШЫМКЕНТ: «КӨКТЕМ» базары жаңа форматтағы сауда орталығына көшірілуде

0
28


 ШЫМКЕНТ: «КӨКТЕМ» базары жаңа форматтағы сауда орталығына көшірілуде

Шымкент қаласындағы Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан «Көктем» базары өз жұмысын тоқтатпай, жаңа форматқа көшірілуде.

Қазіргі таңда базар аумағында бой көтерген үш қабатты заманауи сауда орталығына сатушылар кезең-кезеңімен жайғастырылуда.

Бұл көшіру жұмыстары – сауда нысанын жаңғырту, өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарын күшейту, кәсіпкерлер мен тұтынушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында іске асырылып отыр. Жаңа сауда орталығы инфрақұрылымдық тұрғыдан заманауи талаптарға толық сай жабдықталған.
Сауда орталығының жалпы аумағы 7200 шаршы метрді құрайды. Мұнда кәсіпкерлердің өз қызметін тиімді әрі ыңғайлы жалғастыруына барлық жағдай қарастырылған. Сауда нүктелері кең, жарық және қолжетімді.
Қабаттар келесі бағыттар бойынша бөлінген: 1-қабат – сантехника мен құрылыс материалдары; 2-қабат – күнделікті тұтыну тауарлары, көкөніс, жеміс-жидек және ет өнімдері; 3-қабат – киім-кешек, ойыншықтар және өзге де халық тұтынатын тауарлар.
Жалға алу құны бұрынғы деңгейде сақталып отыр. Мәселен, көлемі 2х3 метр болатын бутикті бұған дейін 25 000 теңгеге жалға алған кәсіпкер жаңа нысанда да дәл осы баға бойынша сауда орнын пайдалана алады. Бұл шешім кәсіпкерлердің жағдайын ескере отырып қабылданған.
Қазіргі уақытта кәсіпкерлермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық сатушылар үшін жеке сауда орындары қарастырылып, орналастыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Аталған шара – кәсіпкерлікті қолдау, сауда мәдениетін арттыру және инфрақұрылымды жетілдіру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Бөлісу