Бүгін Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 Мамыр көшесіндегі өрт шыққан екі қабатты үйдің тұрғындарына жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады.
Өткен айда 1 Мамыр көшесінде орын алған екі қабатты тұрғын үйдегі өрт оқиғасы салдарынан 19 пәтердің 11-і жарамсыз күйге түскен болатын. Қала әкімі тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың жағдайын жеке бақылауына алды. Кездесу қорытындысы бойынша зардап шеккен азаматтарға «Шымкент Сити» және «Тұран» шағынаудандарынан тең құнды жаңа пәтерлер ұсынылуы жөнінде шешім қабылданған.
Бүгін қала әкімі жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстап, отбасыларды қоныс тойымен құттықтады. Сонымен қатар, тұрғындарға амандық, жайлы өмір мен береке тіледі.
Сапар барысында шаһар басшысы Абай ауданында жүргізіліп жатқан кәріз жүйесінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспар бойынша жоба шілде айының соңына дейін толық іске қосылып, жақын маңдағы тұрғын алаптар сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болады.
Қала әкімінің жұмыс кестесінде «Тельман» шағынауданында салынып жатқан 1200 орындық мектеп құрылысын тексеру де қамтылды. Жаңа білім ұясы 2025–2026 оқу жылына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осыған орай құрылыс басқармасы мен мердігер мекемеге белгіленген мерзімде жұмысты сапалы түрде аяқтау тапсырылды.
Сондай-ақ Әл-Фараби ауданындағы 35748 әскери бөлімінің аумағында бой көтерген балалар және спорт алаңдарына арнайы бару ұйымдастырылды. Қалалық әкімдік мұндай жобалардың әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына арналған әлеуметтік қолдауды күшейтуге, бос уақытты тиімді өткізуге септігін тигізетінін атап өтті.
Құрылыс нысандарын аралау барысында Еңбекші ауданындағы Момынов көшесінің бойында салынып жатқан жолайрықтың жай-күйі де қаралды. Қала әкімі құрылыс сапасы, мерзімі және су бұру жүйелерінің (ирригациялық арықтардың) дұрыс орнатылуы бойынша мердігер мекемемен жұмыс кеңесін өткізді.
Сол күні қала басшысы «Көктем 88» сауда үйіне барып, кәсіпкерлердің қоныстану процесімен және сауда нысанының абаттандырылуымен танысты. Бұрынғы «Көктем» базарында сауда жасаған кәсіпкерлер бүгінде жаңа орындарға көшіп жатыр. Сауда үйі әкімшілігіне жасалған жеңілдіктер үшін алғыс білдірілді.
Қазиев көшесін Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейін ұзарту бойынша жүріп жатқан жол құрылысы да назардан тыс қалмады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырма берілді.