Кездесу аясында Сиань–Алматы халықаралық туристік пойызын Ұлы Жібек жолы бағытындағы турпойызбен байланыстыру бастамасы да ұсынылды.
«Шымкент – Сиань» бағытындағы жаңа халықаралық тікелей әуе рейсінің ашылуына орай Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында бірқатар іс-шаралар өтті.
Іс-шаралар барысында Шымкент қаласының туристік және инвестициялық әлеуеті кеңінен таныстырылды.
Шара Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өтті. Делегация құрамындағы шымкенттік өкілдер Сиань қаласының іскер топтарымен және туристік индустрия субъектілерімен B2B форматындағы мазмұнды кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
CITS Сиань туризмі орталығының өкілдерімен өткен кездесуде туризм саласын дамыту, өзара тәжірибе алмасу және туристер легін арттыру мәселелері қарастырылды. Шымкенттің туристік мүмкіндіктері таныстырылып, қаланың тарихи-мәдени нысандары мен инфрақұрылымдық әлеуеті туралы ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар, Сиань қаласының Сыртқы байланыстар, Мәдениет және туризм басқармаларының, сондай-ақ Shaanxi China Travel Service компаниясының қатысуымен өткен келіссөздер барысында туроператорлармен бірлескен жұмыс жүргізу мәселелері талқыланды. Мақсат – Шымкентке Қытайдан келетін туристер санын арттыру.
Кездесу аясында Сиань–Алматы халықаралық туристік пойызын Ұлы Жібек жолы бағытындағы турпойызбен байланыстыру бастамасы да ұсынылды. Бұл жоба екі қаланың тарихи байланыстарын қайта жаңғыртып, туристік серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге ықпал етпек.