ШЫМКЕНТ: ​СЕРІКБАЙ ОНБАЕВ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНДА ДАУЫС БЕРДІ

0
79

Ол Шымкент қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте орналасқан №269 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасады.


ШЫМКЕНТ: ​СЕРІКБАЙ ОНБАЕВ ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНДА ДАУЫС БЕРДІ

ERNUR.KZ. Бүгін, 23 тамызда елімізде Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру учаскелері таңғы сағат 07:00-де жұмысын бастады. Сайлаудың алғашқы сағатында азаматтар өз таңдауларын жасау үшін учаскелерге келе бастады. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы «Қарулы Күштерінің ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы, отставкадағы полковник, Шымкент қаласының құрметті азаматы Серікбай Онбаев та бар.


Ол Шымкент қаласындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте орналасқан №269 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасады.

Оның айтуынша, бұл – еліміздің тарихындағы маңызды саяси науқандардың бірі. Ол сайлаудың басты ерекшелігі Құрылтай депутаттарын сайлауға байланысты екенін атап өтті.
«Еліміздің тарихында алғаш рет осындай сайлау өтіп жатыр. Бұл сайлаудың басты ерекшелігі – Құрылтай депутаттарының сайлануы. Сайлауға жеті партия қатысып отыр. Еліміздің бейбіт өмірі мен тыныштығын сақтап, елдің қарқынды дамуына үлес қосатын партияға дауыс бердім», – деді ол.

С.Онбаев сайлауалды кезеңде барлық партияның бағдарламасымен танысып шыққан.
-«Барлық партиялардың сайлауалды бағдарламаларын қарап шықтым. Олардың ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру ұзақтығын ұлғайтуға бағытталған бастамалар бар. Мысалы, бір адамға шаққандағы тұрғын үй алаңының белгіленген мөлшерін 25 шаршы метрден 30 шаршы метрге дейін арттыруды ұсынған партиялар да бар», – деді Серікбай Онбаев.

Айта кетейік, №269 сайлау учаскесінде азаматтардың өз конституциялық құқықтарын жүзеге асыруы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Учаскеге барлығы 2592 азамат тіркелген. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.