Жаңа платформа тек заңдық тетіктерді жетілдіруді емес, сонымен қатар халықтың дүниетанымын, сана-сезімін жаңғыртуды басты мақсат етеді.
Шымкент қаласында «Әділ қоғам» ұлттық жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдени-ағартушылық бағыттағы жаңа платформаның таныстырылымы өтті. Бұл бастама ел ішінде әділдікті, адалдықты және азаматтық жауапкершілікті насихаттауға, сондай-ақ қоғамның рухани-адамгершілік иммунитетін нығайтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы тікелей қатысып, жобаға жан-жақты қолдау білдірді. Сонымен бірге Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері Zoom байланысы арқылы пікір алмасып, өз көзқарастарын ортаға салды. Жиында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар және зиялы қауым өкілдері болды. Бұл өз кезегінде жобаның тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, жалпы қоғам тарапынан да қолдауға ие болып отырғанын айқын көрсетті.
Жаңа платформа тек заңдық тетіктерді жетілдіруді емес, сонымен қатар халықтың дүниетанымын, сана-сезімін жаңғыртуды басты мақсат етеді. Себебі жемқорлықпен күрес тек жазалаумен шектелмей, ең алдымен оның алдын алу, азаматтардың санасында әділдік пен адалдықты өмірлік құндылық ретінде орнықтыру арқылы жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда, жобаны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі және ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығы бірлесе жүзеге асыруы – маңызды стратегиялық қадам.
Іс-шара барысында қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев сөз сөйлеп, жемқорлықпен күресте ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтардың рөліне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, елдің адал болашағын тәрбиелеу үшін ата-бабадан қалған өнеге мен салт-дәстүрге сүйену қажет. Ал жоба жетекшісі Анар Жаппарқұлова халық ауыз әдебиеті мен мәдени мұраны тиімді құрал ретінде қолдану маңызын атап өтті. Мақал-мәтелдер, жыр-дастандар мен тарихи тағылымдар арқылы жастарға адалдықты дәріптеу – халық жадында сақталған ең сенімді рухани қару екені айтылды.
Жаңа платформа адалдық, әділеттілік және азаматтық белсенділік қағидаттарын кеңінен насихаттауды көздейді. Оның басты бағыттарының бірі – жастарды тәрбиелеу, олардың бойына ұлттық сана мен жауапкершілікті арттыру. Қазіргі таңда жас ұрпақтың ой-санасын теріс ықпалдардан қорғап, дұрыс бағдар беру аса өзекті. Сондықтан бұл бастама білім беру ұйымдары, мәдени орталықтар мен қоғамдық институттар арқылы кеңінен жүзеге асырылмақ.
Қорытынды бөлімде қатысушылар жемқорлықтың алдын алу үшін тек қана заңдық шаралар жеткіліксіз екенін, ең алдымен халықтың рухани иммунитетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Әділ қоғам құру – әрбір азаматтың ішкі жауапкершілігі мен сана-сезімінен басталады. Сол себепті жаңа платформа тек бір реттік жоба емес, ұзақ мерзімді қоғамдық қозғалыс ретінде қызмет атқаруға бағытталып отыр.