ШЫМКЕНТ: заңсыз құрылыс орнына – балаларға арналған жаңа алаңша

0
97

Жаңа алаңша барлық қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталып, балалар үшін тартымды әрі ыңғайлы орта қалыптастырылды.


ШЫМКЕНТ: заңсыз құрылыс орнына – балаларға арналған жаңа алаңша

Шымкент қаласында тұрғындар өтініштері мен ұсыныстары негізінде қоғамдық кеңістіктерді қайта жаңарту және балалар мен жастарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай атқарылып жатқан нақты шаралардың бірі.

Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Жалын тұрғын алабындағы халықпен өткізген көшпелі кездесуі кезінде Көкжиде көшесіне балалар алаңын салу жөнінде ұсыныс айтылған болатын. Тұрғындардың бұл орынды өтініші жедел түрде қаралып, іске асыру тетіктері қолға алынды.

Аталған аумақта бұрын қараусыз қалған, құрылыс нормаларына сәйкес келмейтін және заңсыз салынған құрылыс нысаны орналасқан еді. Қауіп төндіруі мүмкін бұл нысан әкімдік шешімімен бұзылып, оның орнына балаларға арналған ойын және воркаут алаңдары салынды.

Жаңа алаңша барлық қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталып, балалар үшін тартымды әрі ыңғайлы орта қалыптастырылды. Қазіргі таңда бұл нысан тұрғындардың игілігіне пайдалануға беріліп, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік туғызып отыр.

Қала әкімдігі қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және тұрғындар сұранысын ескере отырып, заңсыз нысандарды жүйелі түрде ретке келтіру жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Тұрғындармен тығыз байланыс орнату, ұсыныстарын тыңдау және нақты нәтиже көрсету – әкімдіктің басты басымдығы болып қала бермек.

Бөлісу