​ШЫМКЕНТ: Жаңадан салынып жатқан әуежай терминалында өрт шықты

0
725

Өрттің салдарынан терминал шатырының көлемі 270 ш.м. ағаш бөренелері жанды.


​ШЫМКЕНТ: Жаңадан салынып жатқан әуежай терминалында өрт шықты

Шымкент әуежай терминалында болған өрт дер кезінде ауыздықталды. Бұл жөнінде қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өрт сөндірушілерге хабар таңғы сағат 06.55-те келіп түскен. Дереу оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер «Скат» жеке әуе компаниясына қарасты 4 қабатты жаңадан салынып жатқан терминалда болған өртті сөндіруге кіріскен.

Оқиға орнына ТЖД -нің 13 техникасы мен жеке құрамнан 40 адам, апаттық медициналық орталығының қызметкерлері жұмылдырылды. Сондай-ақ, №55652 әскери бөлімінен 6 қызметкер мен 2 дана техника және Әуежайдың мемлекеттік емес өрт сөндіру қызметінен 7 қызметкер мен 2 дана техника тартылды.
Өрттің салдарынан терминалдың шатырының көлемі 270 ш.м. ағаш бөренелері жанды. Өрт сағат 07:27-де оқшауланып, сағат 07:35-те толығымен сөндірілді. Өрттің шығу себептері анықталу үстінде.