Шымкентте 1 миллионнан астам адам медициналық сақтандырылған

0
75

Енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам болса, жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады.


Шымкентте 1 миллионнан астам адам медициналық сақтандырылған

Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда.

Қазіргі таңда қала тұрғындарының 80 пайыздан астамы, яғни 1 миллионнан астам адам сақтандырылған.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер мен медициналық сақтандыру аясында атқарылған жұмыс туралы өткен брифингте мәлім етті.

Спикердің айтуынша, 700 мыңнан астам адам жеңілдік санатында, олардың жарнасын мемлекет төлеуде. Алайда 237 492 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Оның ішінде 56 мыңнан астам азамат әлеуметтік осал топты азаматтар санатында.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін болады.
-Тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін жарна төлемей қалған жағдайда адамның сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын еді, енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам болса, жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да, медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ кейін сол уақыттағы қарызын өтеуі керек болады, - дейді Қор филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова.
Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамту мәселелерінде әкімдіктердің жауапкершілігін арттырады. Өңірлер жұмыс орындарын құруға, кедейлікті азайтуға және халықты жұмыспен қамту бойынша белсенді шаралар қабылдауға ынталы болады.
Бөлісу