Балаларды кезең-кезеңімен лагерьлерге жолдау жалғасып жатыр.
2025 жылы Шымкент қаласында жергілікті бюджет есебінен шілде-тамыз айларында 9 693 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланған.
Бұл бастама ҚР Үкіметінің №64 қаулысына сәйкес әлеуметтік 5 санатқа жататын балаларды сауықтыру және тиімді демалыспен қамтамасыз етуге бағытталған.
Балалар демалысын Машат-Арасан, Бекзат Саттарханов атындағы лагерь, Қарлығаш, Үш бұлақ, Таң-Шолпан, Көктөбе, Айсанар сынды қала сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде өткізуде.
2025 жылғы 17 шілдедегі жағдай бойынша жазғы демалыспен 3 331 бала қамтылды. Балаларды кезең-кезеңімен лагерьлерге жолдау жалғасып жатыр.
Лагерьлерде балалар тек демалып қана қоймай, түрлі тренингтер мен қызықты ойындар арқылы жаңа дағдылар қалыптастырып, командалық жұмысқа үйренеді. Жазғы демалысты ұйымдастыруда балалардың қауіпсіздігі; сапалы тамақтануы; медициналық қызметпен қамтамасыз етілуі; бос уақытын тиімді өткізу сынды мәселелер басты назарда.
Бұл жұмыстардың барлығы балалардың денсаулығын нығайтып, жаңа оқу жылына сергек әрі дайын оралуына жағдай жасайды.
Атқарылып жатқан жұмыстардың бір көрінісін айтар болсақ, жақында ғана Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты Оқушылар сарайының жанындағы “Ақсу” жазғы сауықтыру лагерінде үшінші ауысым өз мәресіне жетті.
Аталған ауысымда лагерь 200 оқушыны қамтып, балаларға ұмытылмас естеліктер мен қуанышты сәттер сыйлады. Түрлі қызықты ойындар, шығармашылық және спорттық іс-шаралар балалардың көңілін көтеріп, достық қарым-қатынасты арттыра түсті.