11 мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтылмақ,
Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 40-ы табиғи газбен қамтылса, 33-і жартылай, ал қалған 8 елді мекен тұрғындарының көгілдір отынға қолы жетпей отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Олар: Тұран, Көкбұлақ, Ақтас, Батыс, Қайнарбұлақ, Тәуелсіздік 20 жыл, Айкөл, Сәуле (276 орам).
Өткен жылы құрылысы басталған 9 нысанның 2-і аяқталды және Асар-2 шағын ауданына магистралдық газ құбыры тартылды. Биыл тағы 9 нысанның құрылысы жүргізіледі. Шаһарда жыл соңына дейін 5 елді мекенде 11 мыңнан астам адам табиғи газбен қамту жоспарланған. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 92,2%-дан, 93%-ға өседі.
Сонымен қатар, осы жылы жобалық сметалық құжаты дайын 4 жаңа жоба бойынша бюджеттен қаржыландыруға ұсыныс жіберілді.
Қала тұрғындарын табиғи газбен қамту мақсатында, 2021 - 2025 жылдары даму жоспарына сәйкес, елді мекендердің ішкі жүйелер құрылысын жүргізу жоспарлануда. 2025 жылы қалада газбен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.