Жыл басынан бері медициналық ұйымдарда шымкенттіктерге МӘМС есебінен 3,5 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген.
Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 1,8 миллиард теңгеден астам қаражатқа 500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілген.
Кардиохирургия мен нейрохирургия салаларындағы мұндай операциялардың құны бірнеше миллионнан бастап 70 миллион теңгеге дейінгі қаражатты құрайды. БАҚ өкілдеріне арналған брифингте ӘМСҚ Шымкент қаласы филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова жалпы биылғы жылы қалада қымбат бағалы әрі күрделі 1500 -ға жуық операцияны қаржыландыру жоспарланғанын атап өтті.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді.
Брифингте мәлім болғанындай, жыл басынан бері медициналық ұйымдарда шымкенттіктерге МӘМС есебінен 3,5 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, қаржыландырудың қомақты бөлігі мамандандырылған стационарлық көмек көрсету және жоғары технологиялық операцияларға жұмсалады. Медициналық мекемелерде биылғы жылы 137 мыңнан астам науқас стационарлық ем алған. Оның ішінде 120 мыңнан астам адамға көмек МӘМС есебінен көрсетілсе, қалғаны тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емделген. Ал күндізгі стационарда 18 мыңға жуық тұрғын ем алған.