Аталған заңсыз өнімдер қоқыс полигонына жеткізіліп, арнайы техника көмегімен сындырылып, топырақпен көму жолымен толық жойылды.
Шымкент қаласында 8 070 дана алкаголь өнімдері жойылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласы Әділет департаментінің сот орындаушылары Шымкент қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерімен бірлесіп «Синяя гора», «Қызылжар», «Айдабульская» және т.б. сауда белгілерінің заңсыз өнімдерін жойды. Еңбекші аудандық сотының атқарушылық парағы негізінде сатылымға дайындалған 8 070 дана алкоголь өнімдері жойылды.
Айта кетейік, тексеру шаралары кезінде қала тұрғыны Г.Т қаладағы ғимараттардың бірінен цех жалдап, онда интернет желісі арқылы 1500 000 теңгеге сатып алған этил спиртін, арақ жабатын құралды, арақ бөтелкелерінің қақпақтарын, этикеткаларын, қораптары мен акциздік тауарларға жапсырылатын есепке алу-бақылау маркаларын пайдаланып заңсыз өнімдер жасаумен айналысқан. Сол өнімдер мен маркаларды пайдаланып, этикеткаларды алкагольдік өнімдерге жабыстыру арқылы сатпақ болған. Сонымен қатар жұмысқа адамдарды, жүк көлігін жалдағаны анықталған.
Шымкент қаласы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелеп, тергеп-тексеру шараларын жүргізген. Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін толық мойындаған. Еңбекші аудандық сотының үкімімен сотталушы ҚК 233-бабының 2 бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 458 500 теңге айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Аталған заңсыз өнімдер Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Сәуле мөлтекауданында орналасқан «Lead» ЖШС-де уақытша сақтауда тұрған жерінен санау жұмыстары жүргізіліп, қоқыс полигонына жеткізіліп, арнайы техника көмегімен сындырылып, топырақпен көму жолымен толық жойылды.