2025 жылдың алғашқы жартысында Шымкент қаласында бәсекелестік ортаны бұзатын әрекеттерге қарсы нақты шаралар қабылданды.
Бұл туралы бүгін, Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент бойынша департаментінің басшысы – Қосбаев Ернар Тұрдалыұлы мәлімдеді.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қалалық департаменті тарапынан жүргізілген тергеп-тексерулер нәтижесінде бірнеше айқын заң бұзушылық анықталып, айыппұлдар мен жазалау шаралары қолданылды. Атап айтқанда, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы лицензиясыз және табиғи монополиялар субъектісі ретінде тіркелмей, 2021–2024 жылдар аралығында электр энергиясын тасымалдауға байланысты шарт жасағаны үшін 14,6 млн теңге айыппұл арқалады. Іс қазіргі таңда сот қарауында. Сонымен бірге, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС өзіне сенімгерлікпен басқаруға берілген желілер арқылы интернет желісін тарату қызметінде қосымша ақы алып, өзінің монополиялық жағдайын теріс пайдаланған. Бұл дерек бойынша департамент тиісті ықпал ету шараларын қабылдап, мәселені оң шешуге қол жеткізді.