Шымкент қаласында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бақытжан Алтеевтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Күн тәртібінде халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін көмек, жұмысшы мамандықтарына оқыту, еңбек қатынастары мен жалақы бойынша мәселелер, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы халықтың осал санаттарына көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде есеп беріп, ұсынылған жұмыстар талқыланды.
Кейіннен Шымкент қаласының білім басқармасы мен Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жұмысшы мамандықтарына оқыту және кадр қажеттілігін анықтау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндама жасады.
Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін кәсіпорындар жайында ақпарат беріп, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Жиын барысында жалақы бойынша берешекті өтеу, әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын төлеу мәселелері де көтерілді. Бұл бағытта Мемлекеттік кірістер департаменті, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және еңбек инспекциясы тарапынан атқарылған іс-шаралар баяндалды.
Соңында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жөніндегі есеп тыңдалды.
Комиссия отырысында аталған мәселелер бойынша бірқатар ұсыныстар мен нақты тапсырмалар беріліп, әлеуметтік әріптестік аясында ынтымақтастықты күшейту қажеттігі атап өтілді.