​Шымкентте әлеуметтік қолдау шаралары жан-жақты түсіндірілді

0
71

“Отбасы банк” өкілдері тұрғындарды баспанамен қамтуға қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несие шарттарын баяндады.


​Шымкентте әлеуметтік қолдау шаралары жан-жақты түсіндірілді

Шымкент қаласында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кезекті іс-шара өтті.

Бүгін “№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және қандастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызмет алушылары мен қызметкерлеріне арналған жиналыс ұйымдастырылды.

Жиынға Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының әлеуметтік көмек тағайындау және төлемдерді жүргізу бөлімінің мамандары, “Отбасы банк” Шымкент қалалық филиалының өкілдері, сондай-ақ қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері қатысты. Әлеуметтік әріптестікті нығайтуға бағытталған бұл басқосу орталықта қызмет алып жүрген азаматтарға пайдалы ақпарат ұсынуды, олардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап беруді мақсат етті.

Кездесу барысында мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлері кеңінен түсіндірілді. Мамандар жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қатысты жаңа өзгерістер мен қолданыстағы тетіктерді егжей-тегжейлі баяндап берді. Сондай-ақ азаматтардың мемлекеттік қолдауға жүгіну тәртібі, қажетті құжаттар тізімі, өтініш беру жолдары мен жеңілдіктер жайында нақты деректер ұсынылды.

Жиында цифрландыру саласында жүзеге асып жатқан жаңалықтарға ерекше тоқталды. Министрліктің цифрлық платформасы негізінде қолға алынған пилоттық жоба таныстырылып, оның мүмкіндіктері мен артықшылықтары түсіндірілді. Аталған жоба білім беру, әлеуметтік қорғау, спорт және тұрғын үй салаларындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруды көздейді. Ең бастысы – халық үшін құжат рәсімдеу мен қажетті қызметтерді алу процесін барынша жеңілдетіп, ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз ету.

Сонымен қатар “Отбасы банк” өкілдері тұрғындарды баспанамен қамтуға қатысты мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген несие шарттарын баяндады. Бұл ақпарат әсіресе жас отбасыларға және әлеуметтік осал топтарға ерекше қызығушылық тудырды. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары болса, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, сауықтыру бағдарламалары және денсаулықты нығайту бағытындағы жобалар туралы айтты.

Жиын соңында қатысушылар өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойып, мамандардан нақты әрі түсінікті жауап алды. Қоғам мүшелері үшін мұндай кездесулердің маңызы зор екені айтылды, себебі ол халықтың мемлекет жүргізіп отырған әлеуметтік саясаттан хабардар болуына, құқықтық мәдениетінің артуына ықпал етеді.

Орталық қызмет алушылары іс-шараның мазмұнды әрі пайдалы өткенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. Ал мамандар болса, алдағы уақытта да әлеуметтік түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, әрбір азаматқа қолжетімді және сапалы қызмет көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.

Бөлісу