Екі күнге жалғасқан Оркестрлер шеруінде классика мен ұлттық әуен, джаз бен заманауи ырғақтар қатар шарықтады.
Шымкентте қала күніне арналған мерекелік іс-шаралар жалғасуда.
Биыл қаламызда алғаш рет ұйымдастырылған Оркестрлер шеруі – Қала күніне арналған мәдени бағдарламалар қатарындағы ең әсерлі жобалардың бірі болды. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен музыкалық шара көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Екі күнге жалғасқан Оркестрлер шеруінде классика мен ұлттық әуен, джаз бен заманауи ырғақтар қатар шарықтады. Бір сахнада түрлі жанрды тоғыстырған шеру баршаға рухани серпіліс сыйлады.
Қорытынды концерт Наурыз алаңында ұйымдастырылып, еліміздің ең үздік бес оркестрі өнер көрсетті. Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі, «Ақжауын» камералық оркестрі (Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі (Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы), Ш.Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестр (Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы) және CDA Big Band джаз оркестрі ұсынған музыкалық кеш мерекені айшықтай түсті.
Шерудің жабылу салтанатында арнайы сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қала тұрғындарын алда келе жатқан Қала күнімен құттықтады. Мерекелік шараның маңыздылығына тоқталып, Оркестрлер шеруіне қатысқан барлық шығармашылық ұжымдарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, өнер ұжымдарына Шымкент қаласы әкімдігі атынан арнайы алғыс хаттар табыс етті.