​Шымкентте алғаш рет өткен Shymkent Usta Fest халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті

0
162


​Шымкентте алғаш рет өткен Shymkent Usta Fest халықаралық фестивалі өз мәресіне жетті

ERNUR.KZ. Шымкент қаласының «Арбат» алаңында Қала күні мерекесі аясында елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған Shymkent Usta Fest – тұтас ағаштан жасалатын қолөнер шеберлерінің халықаралық фестивалінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Ауқымды іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.


Фестивальдің жабылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек арнайы сөз сөйлеп, фестивальдің маңыздылығына тоқталды:

« Фестивальдің мақсаты – тұтас ағаштан жасалатын дәстүрлі және заманауи бұйымдар арқылы ұлттық қолөнер мұрасын дәріптеу, кәсіби шығармашылықты дамыту және халықаралық мәдени байланысты нығайту. Шеберлер бір апта бойы «Арбат» көшесінде өз өнерін ортаға салып, ағашқа жан бітірді. Бұл – нағыз тірі экспозиция», – деді Сәрсен Абайұлы.

Фестиваль аясында шеберлердің ағаштан қиып жасаған шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге қойылған әрбір туындыдан ұлттық болмыс пен тарихи танымның ізі, экологиялық тақырып терең философиялық мән-мағынада үйлесім тапқаны аңғартады. Бұл шығармалар – тек қолөнер үлгілері ғана емес, шебердің дүниетанымын, ішкі рухани байлығын, жан-дүниесін паш етіп тұрғандай әсер береді.

Іс-шара барысында фестивальге қатысқан қолөнершілерге арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталып, мерекелік кеш Шымкент қаласының өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Айта кетейік, алты күнге созылған бұл фестивальге Қазақстанмен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Шешенстан, Ресей Федерациясынан келген танымал ағаш шеберлері қатысты. Олар күн сайын «Арбат»алаңында көрерменнің көз алдында туынды жасап, өзара тәжірибе алмасты.

Фестиваль аясында «Арбат» алаңында қолөнер көрмелері, жәрмеңкелер мен мәдени-танымдық іс-шаралар өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани әсер сыйлады.