Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты. Операциядан кейінгі кезең қалыпты өтуде
Шымкент қаласында шала туған шақалаққа алғш рет көз отасы жасалды.
16 ақпан күні жүктіліктің 26 аптасында дүниеге келген сәби перинаталдық орталыққа ауыстырылады. 790 грамм салмақпен туған нәрестеге 2015 грамға толғанша күтім жасалып, кейін кешенді тексеру нәтижесінде шала тууына байланысты күрделі диагноздар қойылған.
Соның ішінде шала туған нәрестелердің ретинопатиясы (белсенді кезең, II аймақ, III саты) анықталған.
Перинаталдық орталықтың мамандары шақалаққа ретинопатия бойынша хирургиялық ем жасап, операция қалыпты жағдайда өтті, ота кезінде асқынулар тіркелген жоқ деп хабарлады Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз орталығы.
Дәрігерлер дер кезінде ем көрсетілмеген жағдайда сәби көзінің тор қабығында қайтымсыз өзгерістер туындап, көру қабілетінің жоғалу қаупі жоғары болар еді дейді. Мамандар көздегі патологияны дер кезінде анықтап, қажет ем жасады.
Қазіргі таңда сәбидің жағдайы тұрақты. Операциядан кейінгі кезең қалыпты өтуде. Анасымен бірге жалпы бөлімге ауыстырылды.
Бұл жағдай перинаталдық орталықта шала туған және ауыр халдегі нәрестелерге жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі артып келе жатқанын көрсетеді.


