Чемпионатқа Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, Азия нысана көздеу қауымдастығының (ASC) президенті шейх Салман әл-Сабах, Араб елдері және Кувейт нысана көздеу федерациясының президенті Дуайч Алотайби, ISSF бас хатшысы Александр Никотра Сент-Джеймс қатысады.
2025 жылғы 16–30 тамыз аралығында Шымкент қаласындағы Shymkent Shooting Plaza ату кешенінде спорттық атудан XVI Азия чемпионаты өтеді.
Алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылып отырған халықаралық жарысқа Азияның 26 елінен 800-ден астам спортшы қатысады.
Бұл туралы Шымкент қаласындағы өңірлік коммуникалар қызметі алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек тарқатып айтып берді.
Чемпионат екі олимпиадалық спорт түрі бойынша өткізіледі. Аталған бәсеке нысана көздеу және стенд ату бағыттарын қамтиды. Жүлде қоры 700-ден астам медальды құрайды.
Нысана көздеу бағдарламасында спортшылар пневматикалық тапанша (10 м), тапанша (25 және 50 м), винтовка (10 және 50 м), сондай-ақ жылжымалы нысана көздеуден жекелей және командалық сындарда өзара мықтыны анықтайды. Ал стенд атудан трап, скит, скит-микс, трап-микс, дубль сынды дисциплиналар бойынша жекелей және командалық бәсекелер өтеді.
Екі аптаға созылатын дода жасөспірімдер, жастар және ересектер санатындағы мергендерді бір аренада жинап, тәжірибе алмасуға және жоғары деңгейде бақ сынасуға мүмкіндік береді.
Чемпионатқа Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, Азия нысана көздеу қауымдастығының (ASC) президенті шейх Салман әл-Сабах, Араб елдері және Кувейт нысана көздеу федерациясының президенті Дуайч Алотайби, ISSF бас хатшысы Александр Никотра Сент-Джеймс қатысады.
Шымкент қаласында өтетін маңызды халықаралық іс-шара спорттық ату саласында Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройын арттырып, бұл спорт түрінің дамуына жаңа серпін береді.