​Шымкентте ана мен бала денсаулығын қорғау аясында АИТВ-ның вертикалды берілуін алдын алу мәселелері талқыланды

0
28

Сондай-ақ босандыру мекемелерінің басшылары құпиялылық талаптарын сақтай отырып, ЖИТС орталығынан АИТВ-позитивті жүкті әйелдер туралы ақпаратты жүйелі түрде алмасу мәселесін көтерді.


​Шымкентте ана мен бала денсаулығын қорғау аясында АИТВ-ның вертикалды берілуін алдын алу мәселелері талқыланды

2025 жылдың 16 шілдесінде Шымкент қалалық диагностикалық орталықта денсаулық сақтау саласының маңызды жиыны өтті. Оған мемлекеттік және жеке меншік медициналық ұйымдардың бірінші басшылары, жетекші мамандар қатысты. Басқосу Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының кезекті алқасы аясында ұйымдастырылды.

Алқада ЖИТС орталығы бас дәрігерінің орынбасары, денсаулық сақтау басқармасының АИТВ бойынша штаттан тыс бас маманы Қанат Маширов «2025 жылдың 6 айындағы АИТВ-инфекциясының өзекті мәселелері, шешу жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Оның ішінде анадан балаға жұғатын – вертикалды трансмиссия проблемасына ерекше назар аударылды. Себебі республика бойынша, әсіресе оңтүстік өңірлерде туу көрсеткіші жоғары. Тек Шымкент қаласының өзінде жарты жыл ішінде 13 379 сәби дүниеге келген. Бұл көрсеткіш ана мен бала денсаулығын қорғау саласында АИТВ-инфекциясының алдын алудың маңыздылығын айқын көрсетеді.

Баяндамашы қаладағы жаңа тіркелген АИТВ жағдайларына жас ерекшеліктері бойынша талдау жасап, аурудың берілу жолдарының динамикасына тоқталды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен олардың жыныстық серіктестерін уақтылы тестілеудің рөлі кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар өлім-жітім статистикасы мен диагностикадағы қиындықтар да сараланды.

Жиында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Дүйсенбаева сөз сөйлеп:
– «Жүкті әйелдерді және олардың серіктестерін АИТВ-ға міндетті түрде тексеру – біздің басты бақылауымызда. Медициналық ұйымдар толық көлемде сертификатталған тест-жүйелерімен және антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілген. Ана мен бала өмірін қорғау үшін ай сайынғы мониторинг енгізу аса қажет», – деп атап өтті.

Сондай-ақ босандыру мекемелерінің басшылары құпиялылық талаптарын сақтай отырып, ЖИТС орталығынан АИТВ-позитивті жүкті әйелдер туралы ақпаратты жүйелі түрде алмасу мәселесін көтерді. Бұл шара уақытылы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Ал жеке медициналық орталықтар өкілдері АИТВ-ға тестілеуді міндеттейтін заңнамалық өзгерістер енгізу қажеттігін айтты.

Кеңейтілген талқылаудың қорытындысында медициналық ұйымдарға нақты ұсынымдар жолданды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай жүйелі жұмыс жүкті әйелдердің денсаулығын қорғауға, АИТВ-ның жаңа жағдайларын азайтуға және ең бастысы – сәбилердің өмірін сақтап қалуға бағытталған.

Бөлісу