​ШЫМКЕНТТЕ АРДАГЕРЛЕРГЕ ТЕГІН ШИПАЖАЙ ЖОЛДАМАЛАРЫ БЕРІЛЕДІ

0
82

Биыл Шымкент қаласының зейнеткерлеріне «Денсаулық» шипажайы, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісайдағы «Күлпаршын», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» шипажайы және Шымкенттегі мемлекеттік «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешеніне жолдамалар ұсынылуда.


​ШЫМКЕНТТЕ АРДАГЕРЛЕРГЕ ТЕГІН ШИПАЖАЙ ЖОЛДАМАЛАРЫ БЕРІЛЕДІ

Шымкент қаласында еңбек ардагерлерін сауықтыру мақсатында тегін шипажай жолдамалары қарастырылып отыр.

Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.

Қалалық мәслихаттың шешімімен жүзеге асатын бұл әлеуметтік қолдау зейнеткерлерге кезек тәртібімен беріледі. Ол үшін тұрғындар geo-shym.kz сайты арқылы онлайн түрде кезекке тіркеліп, өз орнының жылжуын қадағалай алады. Қазіргі уақытта шипажай кезегіне 26 мыңнан астам зейнеткер тіркелген. Жыл сайын шамамен 7 500 жолдама бөлінетіндіктен, әр зейнеткерге орта есеппен 2,5–3 жылда бір рет сауықтыру қызметін тегін алу мүмкіндігі беріледі.

Биыл Шымкент қаласының зейнеткерлеріне «Денсаулық» шипажайы, Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Ақсу демі», Жетісайдағы «Күлпаршын», Жамбыл облысындағы «Айша-Бибі» шипажайы және Шымкенттегі мемлекеттік «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешеніне жолдамалар ұсынылуда. Айрықша атап өтерлігі, «Ізетті зейнеткер» кешені Бозарық шағынауданындағы жаңа ғимаратқа көшкелі бері қызмет ауқымын кеңейтіп, зейнеткерлерді қабылдау мүмкіндігін арттырды. Бұрынғы ғимарат 70 орынға лайықталған болса, қазіргі жаңа кешен бір уақытта 120 адамға дейін қабылдай алады.
Жыл басынан бері аталған кешеннен 836 зейнеткер сауықтыру емін алған. Оның ішінде 11 наурыздан бастап жаңа ғимаратта 558 ардагерге қызмет көрсетілген. Жаңа орталық заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған: емдік ванна, циркулярлық душ, ультракүлгін сәулемен емдеу (УФО), ультрадыбыстық терапия (УЗТ, УЗЧ), биапрон, тұз шахтасы, электротерапия және радиус құрылғылары зейнеткерлердің денсаулығын нығайтуға қызмет етеді. Мемлекеттік қолдау аясындағы бұл шаралар қала ардагерлерінің өмір сапасын арттырып, олардың белсенді әрі сау өмір сүруіне жағдай жасайды.


Бөлісу