​ШЫМКЕНТТЕ ӘСКЕРИ ҚҰРЫЛЫМДАР АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ

0
123


​ШЫМКЕНТТЕ ӘСКЕРИ ҚҰРЫЛЫМДАР АРАСЫНДА ВОЛЕЙБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ

Бүгін Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының 2025 жылға арналған жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес аумақтық қорғаныс құрылымдары арасында оқу-әдістемелік жиынның салтанатты ашылуы өтті.

Аталған жиын 2025 жылғы 2–4 шілде аралығында 50120 әскери бөлімінің базасында өткізіледі. Іс-шара жауынгерлік даярлық шеңберінде ұйымдастырылып, қатысушылар арасында спорттық жарыстармен басталды. Атап айтқанда, алғашқы күні өңірлік қолбасшылықтардың аумақтық әскерлері бөлімдерінің басшылары мен аумақтық қорғаныс бригадалары командирлері арасында волейболдан жолдастық турнир өткізілді.
Жиынның негізгі мақсаты – аумақтық қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылды үйлестіру, жұмылдыру дайындығын жетілдіру, әскери-патриоттық тәрбие мен салауатты өмір салтын насихаттау.
Іс-шараға Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Асқар Жоламанов, аумақтық қорғаныс департаменттерінің бастықтары, әкімдіктердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, сондай-ақ аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармаларының басшылары қатысты.
Волейбол турниріне бес команда қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар қатарында:
Әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілерінен құралған команда;
Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің командасы;
Аумақтық қорғаныс бригадалары командирлерінің командасы;
Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармаларының өкілдерінен құралған команда;
Шымкент қаласындағы резервтегі қорғаныс бригадасының командасы болды.
Бұл жарыс әскери қызметшілердің спорттық шеберлігін көрсетіп қана қоймай, олардың бірлігін, ұйымшылдығын және командалық рухын арттыруға оң ықпал етті.
Бөлісу