Қала әкімін орныбасары «Мектепке жол» акциясын уақытылы орындап, әлеуметтік осал санаттағы балаларды қамтуды, білім беру ұйымдарындағы жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жеделдетуді, 1-сыныпқа қабылдауды ашық әрі заңға сай жүргізуді тапсырды.
Бүгін Шымкент қаласында білім саласына қатысты маңызды жиын өтті. Қалалық әкімдікте өткен аппараттық мәжіліске қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек төрағалық етті. Басқосуға Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшылары, әдістемелік орталықтың басшылық құрамы, сондай-ақ басқармаға қарасты мектептер мен балабақшалардың, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының директорлары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде жаңа оқу жылы қарсаңындағы өзекті мәселелер қаралды. Алдымен мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагог кадрларды лауазымға тағайындау барысы туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Жұлдыз Төлеуханқызы баяндама жасады. Ол кадр тапшылығын болдырмау, мұғалімдерді конкурс арқылы ашық іріктеу, кәсіби біліктілік талаптарын қатаң сақтау мәселелерін кеңінен түсіндірді. Сонымен бірге, мұғалімдердің сапалық құрамын күшейту бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.
Келесі кезекте Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Төрәліқызы сөз алып, «Мектепке жол» акциясының өту барысы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларды оқу құралдарымен қамту, 1-сыныпқа қабылдау жұмыстары және жаңа оқу жылына мектептердің материалдық-техникалық дайындығы жайында жан-жақты ақпарат берді. Оның айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында бірқатар мектептерде ағымдағы жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, оқушыларды жаңа оқулықтармен қамтамасыз ету ісі де бақылауда.
Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына студенттерді қабылдау жайында білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Сатыпалдықызы Қасымова баяндама жасады. Ол биылғы оқу жылында колледждерге қабылдау цифрлық форматта жүзеге асырылып жатқанын, конкурс нәтижелері әділ әрі ашық жүргізілетінін жеткізді. Жанар Сатыпалдықызы еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес мамандықтар бойынша грант саны артқанын, жастардың кәсіби білім алуына барынша жағдай жасалып отырғанын атап өтті.
Мәжіліс соңында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысушыларға нақты тапсырмалар берді. Ол «Мектепке жол» акциясын уақытылы әрі сапалы орындап, әлеуметтік осал топтағы балаларды толық қамтуды міндеттеді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын жеделдетуді, мектеп аумағындағы абаттандыруды жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды. 1-сыныпқа қабылдау процесін заң талаптарына сай, ашық әрі әділ жүргізу қажеттігін ерекше атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары білім беру мекемелерінің басшылары мен басқарма қызметкерлеріне жауапкершілікті арттырып, жаңа оқу жылына тыңғылықты дайындық жүргізу міндетін жүктеді. Ол білім сапасын көтеру, оқушыларға қолайлы жағдай жасау және мұғалімдерге қолдау көрсету – қала әкімдігінің басты назарында екенін жеткізді.