Жүйені енгізу барысында әр мектептің интернет желісін пайдалану көрсеткіштері жан-жақты зерттеліп, сарапталды.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, биыл Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты мектептерге заманауи аппараттық-бағдарламалық кешен орнату жұмыстары басталады. Бұл кешен – білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын арттыру мақсатында қолға алынған ауқымды жоба.
«Жүйені енгізу барысында әр мектептің интернет желісін пайдалану көрсеткіштері жан-жақты зерттеліп, сарапталды. Бұған дейін мектептерде 150 мбит/сек интернет жылдамдығы қарастырылған болатын. Оның 20 мбит/сек дабыл нүктесіне, 30 мбит/сек бейнебақылау жүйесіне, ал 100 мбит/сек оқу процесіне бөлінген еді. Алайда, сараптама нәтижесінде кейбір мектептерде бар-жоғы 20 мбит/сек қосылып отырғаны анықталды. Жүйенің басты артықшылықтарының бірі – интернет жылдамдығының тұрақты мониторингі. Егер жылдамдық төмендеген жағдайда, мамандар мәселенің себебін жедел анықтап, шешім қабылдайтын болады»,- деді С.Құранбек.
Әкім орынбасары бұған қоса, жоба аясында барлық қауіпсіздік жүйелері бір орталықтандырылған кешенге біріктірілетінін, бұған дейін желіні бір компания, бейнебақылау құрылғыларын басқа компания орнатқан болса, енді барлық жүйе өзара үйлесімді жұмыс істейтінін айтты.