Медициналық көмек сапасын жақсарту үшін ең әуелі дәрігерлердің жүктемесін азайту қажет.
ERNUR.KZ. Медициналық көмек сапасын жақсарту үшін ең әуелі дәрігерлердің жүктемесін азайту қажет. Мәселен, Шымкенттегі емханаларда бір дәрігердің өзіне екі мыңнан астам азамат қаралатын көрінеді, деп жазады 24.kz.
Ал келер жылы адам денсаулығына жауапты әр ақ халатты абзал жан, кем дегенде 1 мың 700 тұрғынға ем-дом шараларын жасауға міндетті. Учаскелерге адам санының жүктемесін төмендету үшін қала шетіндегі шағын аудандарда дәрігерлік амбулаториялар ашу жоспарланып отыр. Шаһардағы медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайту мақсатында тозығы жеткен 5 емхананың орнына жаңа ғимараттар салынады.
«Дәрігерлік амбулаториялар мен емхана салуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі пайдаланады», - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Кәукенұлы.
Сондай-ақ алғаш рет халықаралық стандарттарға сәйкес, мың төсектік көп салалы клиникалық аурухана бой көтермек. Бұл медициналық мекемеде өзінің онкологиялық, кардиохирургиялық, перинаталдық орталықтары болады. Ал келер жылдан бастап барлық медициналық нысандар электрондық құжатпен жұмыс істейді. Қазірдің өзінде қаладағы №6 емханада цифрлық жүйе қолданысқа енгізілген.
Нұрлан Қасымов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Қазір біз шағын аудандарда дәрігерлік амбулаториялар ашуды жаспарлаудамыз. Мәселен, «Асар», «Достық» «Қайнарбұлақ» сынды халқы тағыз орналасқан қала іргесіндегі елді мекендерге бұл аса қажет. Бізде мамандар жеткілікті. Тұрғындар дәрігерге қаралу үшін 20-30 шақырым жүріп келмеуі керек. Өзінің аумағындағы емханаға немесе дәрігерлік амбулаторияға баруы қажет. Біз осы мәселеге көңіл бөлеміз. Шаһардағы 36 денсаулық сақтау ұйымының 32-де медициналық ақпараттық жүйелері орнатылып, жұмыс жасауда. Цифрландыру жүйесі дәрігер мен науқас арасындағы тікелей қатынасты реттейді.