«Бастау бизнес» жобасы аясында 2820 адам оқыды.
Биыл Шымкент қаласында 600 адам қайтарымсыз грантқа ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Бастау бизнес» жобасы кәсібін бастаушы азаматтар үшін бизнес жоспарын іске асыруына жасалып жатқан үлкен мүмкіндік.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, былтыр жоба аясында 2820 адам оқыды. Ал биылдың өзінде осы жоба бойынша 600 адам грантқа ие болды.
Солардың бірі Шынар Сарыбаева – тігін шебері. Ол қазақи нақыштағы құрақ көрпе-төсек, бесік жабдықтарын жасаумен айналысады.
Шынар Пернебекқызы өзінің кәсібін дамыту мақсатында былтырғы жылы 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсын оқып, куәлік алды. Кейін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізді. Нәтижесінде тігін шебері өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, қыркүйек айында "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізді.
- Өзіме ұнайтын іспен айналысып, қазақтың ұмыт болған ою-өрнектерін заманауи үлгідегі бұйымдар мен киімдерде нақыштап безендіруге тырасамын. Ең бастысы жұмысым тапсырыс берушілердің көңілінен шығады – дейді шебер.
Бүгінде қала тұрғыны өз тігін шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген қыз жасауларын, көрпе-төсек жабдықтарын және т.б. тұрмысқа қажетті заттарды жасауды қолға алған.