Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында орналасқан №2 Оңалту орталығында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны аясында «Дәрігер – балалардың жанашыры» атты тақырыпта мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған шараның мақсаты – балаларға қуаныш пен мерекелік көңіл-күй сыйлау, медицина қызметкерлеріне деген алғыс пен құрметті жеткізу.
Іс-шара аясында орталық аумағында балаларға арналған спорттық жарыстар, аниматорлар қойылымдары, түрлі-түсті аквагрим, көңілді флешмоб ұйымдастырылып, қонақтарға шаттыққа толы бағдарламалар ұсынылды. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қадірлі қонақтарға «Сауық пен Салауат» сыйлық сертификаттары табысталды.
1959 жылы негізі қаланған, 2022 жылы күрделі жөндеуден өткен бұл оңалту орталығы қазіргі таңда заманауи стандарттарға сай жұмыс істеуде. Мұнда жоғары санатты дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, тәжірибелі педагогтар мен сала мамандары қызмет етеді. Олар әрбір баланың денсаулығы мен болашағы үшін аянбай еңбек етіп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмірге деген сенімін арттыруға зор үлес қосуда.
Мерекелік шара барысында №2 Оңалту орталығының бас дәрігері А.Сапаргалиева орталықтың жұмысы, балаларға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік қолдау туралы айтып, ұжым атынан алғысын білдірді.
«Балалар – біздің ең асыл байлығымыз. Олар аман болса, еліміздің болашағы жарқын болмақ.
Бүгінгі шара – олардың шаттық пен қуанышқа кенелуіне, дәрігерлерге деген алғыс пен құрметті жеткізуге бағытталған игі бастама» – деген жылы лебіздер айтылды.
Шара соңында балалардың жүзінде күлкі, ата-аналар мен қонақтардың көңілінде ризашылық сезімі байқалды. Балалар игілігіне арналған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.