Шымкентте дәрігерлер инсульт алған науқасқа тіліксіз ота жасады

0
697

Науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түскен.


Шымкентте дәрігерлер инсульт алған науқасқа тіліксіз ота жасады

Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасының дәрігерлері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына күрделі отаны пышақсыз жасап, ажалдан арашалап қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түскен. Жедел тексеруден өтіп, одан сол жақ ми ортаңғы артериясында тромбоз белгілері анықталады. Дәрігерлер оған инсульт диагнозын қойған. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт - қан тамырларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылған.

Науқас ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына 3-сағаттан астам уақыт болған. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдап, операция ангиография аппараты арқылы пышақ тілігінсіз жасалады.

Қауіпсіз отаны аурухананың бас дәрігері әрі қаланың штаттан тыс бас рентгенхирургі, жоғарғы санатты дәрігер А.Рахматалиев пен аурухананың рентгенхирургі Н.Қарабаев жасаған.

Ота 2-сағатқа созылды.

“Ангиографиялық аппарат арқылы тромбоэктомия жасадық. Қазіргі таңда науқас өзін өте жақсы сезінеді. Өзі тұрып-жүріп, сұрақтарға толық жауап бере алады. №2 қалалық аурухананың инсульт орталығы 3-деңгейде жұмыс жасайды. Егер науқастар инсульт ерте басталғаннан 4,5-6 сағат аралығында ауруханаға келіп түсетін болса, жоғарғы сапалы мамандандырылған технологиялық медициналық көмек беріп үлгереміз. Мұндайда көптеген науқасты аман алып қалуға мүмкіндігіміз жоғары болады” - дейді орталық меңгерушісі Р.Исабекұлы.

Науқас отадан соң бір сағат ішіндетолық есін жинап, оң жақ аяқ-қол қызметі толығымен қалыптасқан. Сөйлеу, есту қаблеті де қайта қалпына келген. 1-күн қарқынды терапия блогында бақылауда болып, келесі күні палатаға ауыстырылды. Қазір жағдайы жақсы.

Дәрігерлердің көмегімен ажалдан аман қалған азамат ақ халаттыларға алғысын жаудырды.