Аталған шара - Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдауға бағытталды.
ERNUR.KZ. Бүгін Шымкент қаласындағы Достық үйінде қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және тұрақты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ерекше экологиялық жәрмеңке өтті. «Дармарка» және «ЭкоКүн» атты екі бағыттағы шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдауды мақсат етті.
Жәрмеңке аясында «Дармарка» әлеуметтік бастамасы көпшіліктің назарын аударды. Оның негізгі идеясы – тұтыну мәдениетін өзгерту және артық заттарды қайта қолдану арқылы экологиялық жауапкершілікті арттыру. Қатысушылар үйлеріндегі жақсы күйде тұрған, бірақ өздеріне қажетсіз болып қалған тұрмыстық бұйымдарды, таза әрі ұқыпты киімдерді, балалар ойыншықтарын, кітаптарды және түрлі үй жабдықтарын әкеліп, басқалармен тегін алмастыруға мүмкіндік алды. Бұл – қоғамда қайта пайдалану мәдениетін дамытып, артық заттарды қоқысқа тастамай, оларды кәдеге жаратуға бағытталған игі бастама.
Ал «ЭкоКүн» акциясы тұрғындарды қалдықтарды дұрыс сұрыптауға үйретуге арналды. Арнайы қабылдау пункттерінде қала тұрғындары пластик бөтелкелерді, шыны ыдыстарды, қағаз бен картонды, сондай-ақ алюминий банкаларды өткізуге мүмкіндік алды. Бұл қадам – экологиялық мәдениетті арттыруға, табиғатқа зиянды әсерді азайтуға және қайта өңдеу саласын қолдауға бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар азаматтардың күнделікті өмірінде экологиялық дағдыларды қалыптастыруға үлкен әсер етеді.
Жәрмеңкеге Шымкент қаласындағы белсенді ұйымдар мен еріктілер де атсалысты. Атап айтқанда, «New Wave» жастар қозғалысы, «Неміс» мәдени орталығы, «Екінші өмір» үйсіз жануарларға көмек қоры, «Добряки Шымкента» және «28 ілмек» әлеуметтік бастамасы қолдау білдірді. Бұл ұйымдар өздерінің жобаларын таныстырып, экологияны қорғау бағытында жүзеге асырып жатқан жұмыстарымен бөлісті.
Іс-шараға қатысқан тұрғындар үшін бұл тек зат алмасу немесе қалдық тапсыру ғана емес, сонымен бірге экологиялық ой-сананы дамытуға бағытталған танымдық алаң болды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай жәрмеңкелерді тұрақты түрде өткізу экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және қоғамда жасыл бастамаларды кеңінен насихаттауға ықпал етеді.