Шымкент қаласында алғашқы кезеңде 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант 134 тұрғынға тағайындалды. Комиссия шешімімен мақұлданған грант қаржысы бүгінде толықтай иегерлердің кәсіпкерлік есепшоттарына аударылды.
Бүгін Шымкент қаласында Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен грант иегерлеріне арналған ақпараттық жиын өтті.
Оған қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы, Мемлекеттік кірістер департаменті мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының Шымкент қалалық филиалының өкілдері қатысты.
Жиында сөз алған Еңбек мобильділігі орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Бекболат Алиханов қайтарымсыз грант иегерлеріне өз жобаларын талапқа сай іске асыру керектігін ескертті.
– Қайтарымсыз грант алған азаматтар өздері қорғаған бизнес-жобаға сай жұмыс істеуі тиіс. Жобада көрсетілген тауарлар мен құрал-жабдықтарды ғана сатып алуға рұқсат. Барлық сатып алынған дүниелердің түбіртегі фискальді QR-код арқылы тексеріледі. Осылайша қаржының мақсатты жұмсалғаны немесе заң бұзушылықтар анықталады, – деді Б.Алиханов.
Жиын барысында салалық мекеме өкілдері мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес жүргізудің заңдылықтары және есептілік талаптары туралы кеңінен түсіндірді. Ауыл шаруашылығы мен ветеринария басқармасы өкілі мал және егін шаруашылығына қатысты заң мен талаптар туралы баяндаса, «Атамекен» ҰКП өкілдері кәсіпкерлерге арналған тегін қызметтер мен қосымша мүмкіндіктерді таныстырды. Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі міндетті зейнетақы іжарналарын аудару, декларация және салық төлемдері жайында түсіндірді.
Айта кетейік, 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері – 1 572 800 теңгені құрайды. Қолдау тапқан жобалар түрлі бағыттарды қамтиды. Әсіресе қызмет көрсету саласы басым – бұл бағытта 50 жоба мақұлданған. Сондай-ақ, өндіріс саласы бойынша 39 жоба, тігін – 15, кондитерлік және наубайхана өнімдері – 14, жартылай дайын өнімдер – 9, мал және құс шаруашылығы – 2, жиһаз өндірісі – 1 жоба бекітілді. Бұдан бөлек, фаст-фуд, сусындар, шұжық өнімдері сынды 4 жоба өзге бағыттар бойынша іске асырылады.
Еске сала кетсек, Шымкент қаласында алғашқы кезеңде 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант 134 тұрғынға тағайындалды. Комиссия шешімімен мақұлданған грант қаржысы бүгінде толықтай иегерлердің кәсіпкерлік есепшоттарына аударылды.