Өткен аптада Шымкент қаласында тергеу органдары 143 қылмыстық істі тіркеп, оның 17-сін сотқа жолдады. Ең көп тіркелген қылмыс түрлері – алаяқтық (53 іс), ұрлық (27), есірткі айналымына қатысты қылмыстар (15), жол-көлік оқиғалары (11), сондай-ақ тонау (4) фактілері.
Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек БАҚ өкілдеріне кеңінен тарқатып айтып берді.
Спикердің сөзінше, алаяқтық қылмыстарының дені – интернет алаяқтық. 23 іс осы санатқа жатады. Ең жиі кездесетін тәсілдер: интернеттегі жалған тауар жарнамалары (9), «инвестиция арқылы пайда табу» сылтауы (2), жалған банк қызметкерлері мен мемлекеттік органдардың атынан қоңырау шалу (10), несиені рәсімдеп беремін деу (2). Мәселен, өткен аптада бір азаматша танысына мемлекет тарапынан жәрдемақы алып беремін деп, 2 миллион теңгесін алдап алған. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қала тұрғындарына жалған уәде беріп, жәрдемақы немесе баспана алып беремін деген алаяқтардың арбауына түсіп қалмау ескертіледі. Мұндай көмектерге тек құзырлы мемлекеттік мекемелер арқылы жүгінген жөн.
Интернет желілерінде есірткі заттарын жарнамалайтын платформалар көбейіп, жастар арасында нашақорлық пен заңсыз курьерлік қызметке тартылу жағдайлары жиілеп отыр. Өткен аптада есірткіге қатысты ұсталғандардың арасында 18–30 жас аралығындағы 3 жас азамат болған. Статистикаға сәйкес, мұндай қылмыстарды көбіне жастар жасайды. Сондықтан жасөспірімдер мен жастарды салауатты өмір салтын ұстанып, білім мен кәсіпке бет бұруға, ел дамуына үлес қосуға шақырамыз.
Жол-көлік оқиғаларына қатысты 11 қылмыстық іс тіркелді. Олардың негізгі себептері – жылдамдықты арттыру, телефонға алаңдау, жаяу жүргіншілерді қағу (5 іс), рұқсат етілмеген жерден жол кесіп өту (2), скутер мен самокатты жол ережесін сақтамай жүргізу (1), сондай-ақ мас күйде көлік басқару .
Осыған орай қала тұрғындарына жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, ал ата-аналарға — балалардың скутер мен жоғары жылдамдықты самокатты басқаруына тыйым салу қажеттігі ескертіледі. Бұл — балаларының өмірі мен қауіпсіздігі үшін аса маңызды.