Автобустар штаттық режимде таңғы сағат 7.00-ден кешке 21.00-ге дейін барлық бағытта қызмет көрсетуде.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкентте енгізілген төтенше жағдайға қарамастан қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтаған жоқ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінгі таңда жолаушылар діттеген жерлеріне кедергісіз жетуде. Автобустар штаттық режимде таңғы сағат 7.00-ден кешке 21.00-ге дейін барлық бағытта қызмет көрсетуде. Интернет байланысының шектелуіне орай алғашқыда жолақы тек қолма-қол жүзеге асырылғанымен, қазір жолаушылар электрондық төлеммен төлеуге мүмкіндік алды.
Қақтығыс кезінде әскерилер мен құқық қорғау органдарына көмек ретінде автобустар жеткізіп берілді. Бүлікшілер әкімдік маңайындағы 3 автобусты тас-талқан еткен. Қазір мекеме басшылары шығындарды есептеп, тиісті ұсыныстарын әзірлеуде. Ал орын алған жаппай тәртіпсіздік әрекеттерінен соң қоғамдық көліктер 6 қаңтар күні уақытша бағыттарға шыққан жоқ.
«Т BUS» компаниясы директорының орынбасары Әбдібек Үкібаев қала халқының дені бүгінде электронды төлем жүйесіне жаппай көшкенін айтады. Алайда, интернеттің жоқтығынан іске қосылмай тұрған құрылғылар жолаушылардың қатынауына ешқандай кедергі болып отырған жоқ.
Айта кетейік, шаһарда 78 бағытта автобус қатынайды. Күн сайын белгіленген кесте бойынша 1 мыңға жуық қоғамдық көлік жолға шығады.