Бас жүлде иегері – Әл-Фараби ауданынан қатысқан теміржолшылардан құралған Нұртаевтар әулеті 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатты ұтып алып, 12 қыркүйекте Астанада өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Бұл игі шара жыл сайын ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі отбасылардың бірлігі мен берекесін паш етуге, жас ұрпаққа үлгі болуға бағытталады.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ішкі саясат саласының мамандары, зиялы қауым өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары және байқауға қатысушы отбасылар қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған Сәрсен Абайұлы дәстүрлі отбасылардың ел бірлігін сақтаудағы рөліне тоқталып, қазақ қоғамында ер азаматтың, ананың, қыз-келіннің өзіндік орны ғасырлар бойы қалыптасқанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, отбасы – қоғамның іргетасы, сондықтан бұл жүйені сақтау, жас ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары алдыңғы жылдардағы жеңімпаздардың өмір жолы арнайы кітап болып жарық көретінін жеткізді. Бұл бастама қазақстандық отбасылардың өнегелі тәжірибесін кеңінен насихаттап, қоғамға үлгі етуге ықпал етпек.
Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Бекхожақызы биылғы байқаудың ерекшелігі туралы айтты. Оның сөзінше, 2025 жылғы байқауда еңбек династияларына ерекше мән беріліп, іріктеу жұмыстары аудандық кезеңнен бастап жүйелі жүргізілген.
– Биыл Шымкент қаласында өтінім қабылдау 15 мамыр мен 15 маусым аралығында өтті. Барлығы 150-ден астам өтініш түсті. Соның ішінен 20 отбасы қалалық кезеңге жолдама алып, отбасы мүшелерінің қоғамға қосқан үлесі, балалардың жетістіктері, еңбек дәстүрін сақтау және ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру бағыттары бойынша бағаланды, – деді ол.
Жиында байқауға қатысқан барлық 20 отбасы қала әкімінің алғыс хатымен марапатталып, тұрмыстық техника – заманауи теледидарлар сыйға тартылды. Ал бас жүлдені иеленген Әл-Фараби ауданынан қатысқан Нұртаевтар әулеті – бірнеше буыннан тұратын теміржолшылар династиясы. Олар 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болып қана қоймай, алдағы 12 қыркүйекте Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Мерейлі отбасы» байқауы отбасы құндылықтарын насихаттап қана қоймай, жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке және бірлікке тәрбиелеудің маңызды алаңына айналды.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
