​Шымкентте ми қан тамыры бітелген науқасқа күрделі ота сәтті жасалды

0
162

Ота толығымен МӘМС есебінен қаржыландырылды.


​Шымкентте ми қан тамыры бітелген науқасқа күрделі ота сәтті жасалды

Шымкент қалалық №2 ауруханасының білікті дәрігерлер құрамы ми қан тамыры 80 пайызға бітелген 39 жастағы науқасты ажалдан арашалап қалды.

Науқастың инсульт алу қаупі шегіне жеткен. Күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін жасалды.

Білікті рентгенхирург әрі бөлім меңгерушісі Нұржан Қарабаевтың жетекшілігімен өткен операция жергілікті жансыздандырумен жүзеге асырылды. Ота заманауи интервенциялық тәсіл арқылы — бас сүйекті ашпай, арнайы катетермен жасалған.

Көптен бері қант диабетіне шалдыққан бұл науқасты бас айналу, қатты ауырсыну белгілері мазалаған. Уақытылы жасалған диагностика мен кәсіби әрекет нәтижесінде өміріне төнген қауіп сейілді.

Операцияның нарықтағы бағасы шамамен 3 миллион теңгені құрайды. Ота толығымен МӘМС есебінен қаржыландырылды.

-Біз тарылған тамырды кеңейтіп, қан айналымын қалпына келтіруде минималды инвазивті тәсілдерді қолданып жүрміз. МӘМС жүйесінің арқасында бұған дейін тек шетелдік клиникаларда жасалатын оталар елімізде қолжетімді, - дейді ренгтгенхирург Нұржан Қарабаев.

Аталған ауруханада жыл басынан бері осындай 60-қа жуық ота жасалған. Дәрігерлер мұндай операциялардың көп жағдайда адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтады.

Айта кетейік, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы мен қолжетімділігін арттыра түсті. Қала бойынша сақтандырылғандардың көлемі елде жоғары деңгейде.

Шымкент қаласында МӘМС жүйесінің қамту деңгейі жоғары – халықтың 80%-ы сақтандырылған. Жүйе арқылы маңызды медициналық қызметтердің қолжетімділігі жақсарды, соның ішінде жоғары технологиялық емдеулер мен күрделі оталар қамтамасыз етілуде. Алайда, 20% шамасындағы тұрғындар МӘМС жүйесіне енбегенін ескере отырып, болашақта олардың қамтылуын қамтамасыз ету – маңызды әрі өзекті міндет.

Бөлісу